ауру қозу кезеңімен ауысады. Бұл кезең жалпы специкалық емес симптомдардың максимальді айқындалуымен және дәл клиникалық диагноз қоюға мүмкіндік беретін, тек қана осы инфекцияға тән, спецификалық немесе абсолюттік (облигаттық, шешуші, патогномдық) симптомдардың көрінуімен сипатталады. Дәл осы кезеңде микробтардың спецификалық патогенділік әсері және макроорганизмнің жауап қайтару реакциясы толық айқындалады. Бұл кезеңді үш сатыға (стадияға) бөледі: 1) клиникалық көріністерінің күшейе бастауы (stadium inсrementi),2) клиникалық көріністерінің ең шыңына жетуі (stadium fastigii), 3) клиникалық көріністерінің бәсеңдеуі (stadium decrementi). Бұл кезеңнің ұзақтығы әр түрлі жұқпалы ауруларда және де бір аурумен ауырған кездің өзінде әрбір адамда әртүрлі болуы мүмкін (бірнеше сағаттан бастап, тіптен бірнеше айларға дейін). Бұл кезең өліммен аяқталуы мүмкін немесе сырқаттың келесі кезеңіне ауысады, ол ауру симптомдарының бәсеңсу кезеңі (айығудың, яғни реконволесценцияның ең алғашқы кезеңі) деп аталады. Бәсеңсу кезкеңінде температура қалпына келіп, аурудың негізгі симптомдары кете бастайды. Бұл кезең реконволесценциялық (лат: re- әсер етудің қайталануы, convalescentia-айығу, арылу, сауығу) кезеңге ауысады. Бұл кезең клиникалық симптомдардың болмауымен, ағзалардың құрылымы мен функцияларының қалпына келуімен, микробтардың қырылуымен және қоздырғыштардың микрооганизмде көбейінің тоқтауымен сипатталады немесе процесс микробтасымалдаушылыққа ауысады. Сырқаттың бір түрімен ауырған кездің өзінде де реконволесценттік кезеңнің ұзақтығы бірдей болмайды, ол кеселдің түрі (формасы) мен ағымына, макроорганизмнің иммунологиялық ерекшелігіне, жүргізілген емдеу шараларының тиімділігіне байланысты. Бұзылған функцияларының барлығы қалпына келгенде толық жазылып кету болады, ал толық жазылмау-патологиялық процесс дамыған жердегі тіндер мен ағзаларда пайда болатын қалдық (резидуальді) өзгерістер (деформациялану және тыртықтану, сал болу, тіндердің атрофиялануы және т.б.) сақталғанда болуы мүмкін. Науқастан айығудың бірнеше түрін ажыратады; а) клиникалық айығу-бұл кезде аурудың тек қана клиникалық симптомдары жойылады, б) микробиологиялық айығу-макроорганизм микробтардан арылады, в) морфологиялық айығу-зақымданған ағзалар мен тіндердің морфологиялық және физиологилық қасиеттері қалпына келеді. Әдетте, клиникалық және микробиологиялық айығу, ұзақ уақытқа созылатын морфологиялық зақымданудың толық қалпына келуімен сәйкес болмайды. Толық жазылып кетуден басқа, жұқпалы аурулар микробтасымалдаушылық қалыптасуымен, созылмалы түрге айналуы, өліммен аяқталуы мүмкін.
Клиникалық мақсатта жұқпалы ауруды типтері, кесел ауырлығы және даму барысына қарай ажыратып бөлу қабылданған. Нақты назологиялық түрге (формаға) тән белгілердің айқындылығын тип деп түсіну қабылданған. Осы ауруға тән жетекші симптомдар мен синдромдары бар болған жағдайды типті түрлерге жатқызады, ал атипті түрлерге-айқын емес, инаппарантты және де найзағайша (кенеттен пайда болып, тез аяқталатын), сол сияқты түсікті (абортивті) түрлерді жатқызады.
Айқын емес (стертые) түрлері кезінде сипатты симптомдарының біреуі немесе бірнешеуі болмайды, ал қалған симптомдары әлсіз түрде байқалады. Инаппарантты (син; субклиникалық, жасырын, симптомсыз) түрлері кезінде клиникалық симптомдары білінбей өтеді. Оларға әдетте, инфекция ошағы бар жерде, зертханалық зерттеу әдістерімен диагноз қойылады. Найзағайша (молниеносная форма, фульминантты; лат: fulminare-найзағаймен өлтіру немесе гипертоксикалық) өте ауыр жағдайда өтуімен және барлық клиникалық симптомдарының жылдам дамуымен сипатталады. Мұндай түрлер көбінесе өліммен аяқталады. Түсікті (абортивті) түрлерде жұқпалы ауру бастапқыда типті түрде дамиды, бірақ бірден (кенеттен) үзіліп қалады, яғни ауру симптомдары білінбей кетеді. Мұндай жағдай іш сүзегіне қарсы егілгендерде байқалады.
Жұқпалы аурулардың ағымының сипаты және ұзақтығы бойынша ажыратып, бөледі. Сипаты бойынша: асқынусыз және қайталанбайтын жатық (гладкий), немесе ауру күшейіп, асқынулар және қайталанулар беретін-жатық емес (негладкий) түрлері болуы мүмкін. Жұқпалы аурулар ағымының ұзақтығы бойынша жіті (процесс 1-3 ай мерзімінде аяқталады), созылыңқы немесе жітілеу (ұзақтығы 4-6 айға дейін) және созылмалы (6 айдан астам) болуы мүмкін.
4. Жұқпалы аурулардың даму барысында иммунитет қалыптасады, ол инфекциялық процеске тән ерекшелік болып табылады. Әртүрлі жұқпалы аурулар кезіндегі жүре пайда болатын иммунитеттің кернеулігі және ұзақтылығында елеулі айырмашылықтар бар - өмір бойы қайталап жұғуды болдырмайтын айқын және тұрақты иммунитеттен бастап (қызылша, оба, шешек аурулары), тіптен аз уақыттан кейін қайталап ауруға мүмкіндік беретін әлсіз және қысқа мерзімділік иммунитетті (шегиллез) мысал ретінде келтіруге болады. Жұқпалы аурулар кезінде көбінесе тұрақты, кернеулі иммунитет қалыптасады. Жұқпалы аурулардың даму барысы және аяқталуының ерекшеліктері көбінесе сол кездегі иммунитет қалыптасуының пәрменділігімен байланысты. Жұқпалы аурулардың патогенезінің ерекшеліктеріне тән сипат-екіншілік иммунитеттің даму тапшылығы болып табылады. Бірқатар жағдайларда микробтарды қоршаулауға және элиминациялауға бағытталған қисынсыз (неадекватная) иммундық реакция (гиперергиялық реакция) иммунды-патологиялық үрдіске әкеледі, ол инфекциялық процестің созылмалы түрге айналуына және макроорганизмді өлім шегіне дейін жеткізуі мүмкін. Макроорганизмде микроб бар болған кезде төмендеңгейлік иммунитет асқынулар және қайталап ауыру (рецидив) пайда болуына әсер етуі ықтимал. Асқыну-бұл бәсеңсу немесе реконвалесценциялық кезеңдерде ауру симптомдарының күшеюі, ал ауру қайталану яғни рецидив- бұл сырқаттан айығу кезеңінде аурудың клиникалық симптомдары басылып кеткеннен кейін, дерт қозудың қайтадан пайда болуы. Асқынулар мен рецидивтер негізінде ұзақ уақытқа созылатын жұқпалы аурулар кезінде басымырақ байқалады (мысалы; іш сүзегі, тілме, сарып, туберкулез т.б.). Олар макроорганизмніғ резистенттілігін төмендететін факторлардың әсерінен пайда болады және макроорганизмде микробтардың табиғи даму циклімен байланысты болуы мүмкін (мысалы; безгек немесе қайталама сүзек кезіндегідей). Асқынулар мен рецидивтер клиникалық әрі зертханалық деңгейде байқалуы мүмкін.
5.Жұқпалы аурулар кезінде диагноз қою үшін спецификалық микробиологиялық және иммунологиялық диагноз қою әдістері (микроскопиялық, бактериологиялық, вирусологиялық, серологиялық зерттеулер және биологиялық, терілік-аллергологиялық сынамалар) қолданылады. Олар көбінесе диагнозды дәлелдеудің бірден-бір сенімді әдісі болып табылады. Бұл әдістер: негізгі, қосымша және экспресс-диагностикалық әдістерге бөлінеді.
Негізгі әдіске тексерілетін аурулардың барлығына ауру барысында диагноз қою үшін сөзсіз және кешенді түрде қолдалыналатын әдістер жатады.
Қосымша әдістер науқастардың жағдайын егжей-тегжейлі (детально) бағалауға мүмкіндік береді, ал экспресс-әдістер аурудын бірінші күндерінде ертерек диагноз қою үшін қолданылады. Диагностикалық әдістерді таңдау біріншілік клиникалық-эпидемиологиялық диагнозына және болжамдалып отырған нозологиялық түрдің ерекшеліктеріне қарай анықталады.
6. Жұқпалы ауруларды емдеу және алдын алу үшін этиотропты препараттардан (антибиотиктер және тағы басқа микробтарға қарсы препараттар) басқа, осы микробқа, сондай-ақ, оның токсиніне қарсы бағытталған (тікелей) арнайы препараттар қолданылады. Оларға вакциналарды, сарысуларды және иммундыглобуоиндерді, бактериофагтарды, эубиотиктерді, иммундымодуляторларды жатқызады. 7.6. Инфекциялық процесс түрлері.
Инфекциялық процестің көрінісі әрқилы. Шығу тегі бойынша ажыратады: экзогенді инфекция- микроб сырттан келіп жұққанда пайда болады; эндогенді инфекция (син: парэнтеральді, аутоинфекция) – макроорганизмнің өзінде болған микробтар және қалыпты микрофлораның шартты-патогенді өкілдері қоздыратын инфекция. Эндогенді инфекцияның пайда болуы макроорганизмнің резистенттілігін төмендедетін және екіншілік иммунды тапшылық дамуына әкелетін факторлардың әсерінен макроорганизмнің қорғаныс күштерінің әлсізденуімен байланысты.Қоздырғыштың қандай жерде орналасуына және жиналуына байланысты ошақты және генерализацияланған (жайылған) инфекциялар деп бөледі. Ошақты инфекция кезінде (син: локальды, жергілікті инфекция) қоздырғыш инфекцияның кіру есігінің аумағында қалады және макроорганизм бойынша таралмайды. Ал генерализацияланған инфекция кезінде микроб әртүрлі жолдармен (лимфогенді, гемотогенді, бронхогенді және периневральды) бүткіл макроорганизмге таралып жайылады. Осылай етіп бөлу шартты, өйткені макроорганизмнің резистенттілігі төмендегенде ошақты инфекция генерализацияланған инфекцияға айналуы ықтимал. Жергілікті, ошақты қабыну процесі көбінесе жалпы генерализацияланған инфекциялық процесс патогенезінің сатысы ғана болып табылады. Егер микроб қанда ұзақ уақыт болмаса және көбеймесе (бұл жағдайда қан тасымалдаушы орта қызметін атқарады) бактеремия, риккетсиемия, спирохетемия, вирусемия, паразитемия дейді. Бактеремия, вирусемия және т.б. – барлық инфекциялық және трансмиссивті механизммен жұғатын инвазиялық аурулардың патогенезінің сөзсіз түрде қажетті кезеңі (этапы). Қан ағымымен макроорганизмге таралып микробтар жасушалық элементтермен ассоциялануы немесе плазмада бос түрінде қалуы мүмкін. Жасушалық мембранасы микробтарды қолайсыз жағдайдан қорғайды. Антигенемия-қанда бүтін микроб жасушасы немесе микробтың жекелеген антигендері (мысалы, бактериялардың О-,Н-,К-антигендері) түрінде болуы. Антигенемия-бактеремия, вирусемия және т.б. қарағанда кең ауқымды түсінік. Антигенемия микробтар қанға түспеген жағдайда да болады (тырысқақ, шигеллез кездерінде). Қанда токсин болғанда токсинемия дейді. Микроб кіру аумағында қалып қойып, аурудың барлық негізгі симптомдары бактериялық ақуызды токсиндердің әсер етуімен байланысты инфекциялар-тосинемиялық инфекциялар деп аталады (сіреспе, ботулизм, газды ганргена). Микробтар қанда және лимфада тұрақты мекендеп, көбейетін жағдайдарды сепсис деп атайды. Сепсис (грек: sepsis-іріңдеу) немесе септицемия. Септицемия-инфекция кіру есігі белгісіз жағдайда болатын сепсистің бір түрі. Кіру есігінен шеткері жатқан ішкі органдарда екіншілік іріңді ошақтар пайда болса септикопиемия деп атайды. Микробтың бір түрімен қоздырылса –моноинфекция; ал бір мезетте бірнеше микробтар қоздыруға қатысса-аралас немесе микст-инфекция деп аталады. Микст-инфекциядан екіншілік инфекцияның айырмашылығын ажырыта білу керек.