«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығына сәйкес:
-
бастауыш білім беру деңгейінде «Математика» және «Цифрлық сауаттылық» (1-4 сыныптар);
-
негізгі орта білім беру деңгейінде «Математика» (5-6 сыныптар), «Алгебра», «Геометрия» (7-9 сыныптар) және «Информатика» (5-9 сыныптар); ✓ жалпы орта білім беру деңгейінде «Алгебра және анализ бастамалары», «Геометрия», «Информатика» (10-11 сыныптар) пәндері оқытылады.
Жоғарыда аталған пәндер бойынша оқу жүктемесінің көлемі «Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің Үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығының (өзгерістер мен толықтыруларға ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.09.2022 ж.
№ 412 бұйрығымен енгізілген) 1–3, 11–15-қосымшаларында (1-4 сыныптар), 6–8, 16– 20-қосымшаларында (5-9-сыныптар), 21–30, 85–90-қосымшаларында (10-11сыныптар) көрсетілген.
Бастауыш білім беру деңгейінде «Математика және информатика» білім беру саласының мазмұны білім алушыларда қоршаған болмыстың алуан түрлі объектілері мен құбылыстарын сипаттау үшін бастапқы математикалық білімді қалыптастыруға; ауызша және жазбаша есептеу алгоритмдерін игеруге; есептер шығарудың жалпы амалдарын, өлшем және есептеу дағдылары негізінде логикалық пайымдаулар түзе білу машықтарын дамытуға; ақпараттықкоммуникациялық технологиялардың қарапайым құралдарын қолдану дағдыларын, ақпаратты іздеу, таңдау, жеткізу, объектілер мен процестерді жобалау, кестелермен, схемалармен, графикалармен және диаграммалармен жұмыс істеуде ең қарапайым әдістерді қолдану, интерпретациялау және деректерді беру машықтарын қалыптастыруға бағытталған.
Негізгі орта білім беру деңгейінде «Математика және информатика» білім беру саласының мазмұны математика мен информатиканың әлемдегі рөлін айқындау және түсіну қабілетін қалыптастыруға; математиканы ғылымның әмбебап тілі, құбылыстар мен процестерді модельдеудің құралы ретінде түсінуге; математика мен информатиканы оқыту кезінде орта білім беру деңгейлеріндегі сабақтастықты, пәнаралық және пәнішілік байланыстарды; жалпы орта білім беру деңгейінде оқуды жалғастыруға және сабақтас пәндерді оқуға, оларды күнделікті өмірде пайдалануға қажетті базалық математикалық білім мен біліктерді меңгеруге; бағдарламалау технологиясының және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың теориялық негіздері бойынша базалық білім жүйесін, информатиканы және басқа да пәндерді оқу кезінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып шынайы объектілер мен процестердің модельдерін қолдану және түрлендіру біліктерін меңгеруге; функционалдық сауаттылықты, логикалық, алгоритмдік және операциялық ойлауды, кеңістікті елестетуді, математика мен информатиканың түрлі тілдерін (сөздік, символдық, талдамалық, графикалық) пайдалану қабілеттерін, әртүрлі нысанда берілген ақпаратты қабылдау және сын тұрғысынан талдауды дамытуға бағытталған.
Жалпы орта білім беру деңгейінде «Математика және информатика» білім беру саласының мазмұны білім алушылардың келесі білім алу деңгейінде табысты оқуы, сондай-ақ практикалық есептерді шешуі үшін қажетті математикалық білім жүйелері мен біліктерін және математикалық мәдениетті дамытуға; функционалдық сауаттылықты, абстрактілі, логикалық, алгоритмдік және есептік ойлауын дамытуға; есептерді шешу және ақпараттық технологиялардың құралдары мен әдістерін меңгеруге; білім алушылардың қоршаған әлемнің математикалық заңдылықтары туралы түсініктерін жүйелеу және дамытуға, олардың математикалық құралдар мен әдістер тәжірибеде барлық білім салаларында құбылыстар мен процестерді сипаттау және зерттеуде қолданылатынын жете түсінулеріне; объектілер мен процестерді модельдеу ептіліктерін дамытуға бағытталған. Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру бойынша ұсыныстар Математикалық сауаттылық функционалдық сауаттылықтың құрамдас бөлігі болып табылады. Математикалық сауаттылық – бұл әртүрлі мәнмәтіндегі есептерді шешу үшін негізделген математикалық пайымдаулар тұыжырымдау, математиканы қолдану қабілеті. Мектептегі математикалық білім берудің мазмұны білім алушылардың зияткерлік дамуына, олардың ойлау мәдениеті мен дербестігін қалыптастыруға, алған білімдерін практикада қолдану мүмкіндігіне бағытталған. Қойылған міндеттерді шешу үшін мектеп математика курсын игеру барысында негізгі және маңызды орындардың бірін алатын жаттығулар жүйесіне ерекше рөл беріледі. Математика бойынша жаттығулар жүйесіне келесі типтегі тапсырмалар кіреді: ағымдағы оқылатын материалды қолдануға арналған тапсырмалар; әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар; шығармашылық тапсырмалар; пәнішілік және пәнаралық байланысты жүзеге асыруға бағытталған есептер және т.б. Математика сабақтарында әртүрлі мазмұндағы мәтінді есептерді (пәнаралық есептер, тәжірибеге бағытталған тапсырмалар, ситуациялық есептер) шешуге көп көңіл бөлу керек, олардың кейбіреулерін шығару барысында есептің мәтіні бойынша математикалық модель құрастырылады. Сонымен қатар, үлгілік оқу бағдарламаларында «Математикалық моделдеу және анализ» бөлімі берілген. Әр тарауды игерген кезде мәтінді есептерді шығаруға, математикалық сауаттылықты дамытуға арналған, практикаға бағытталған тапсырмаларды орындауға назар аудару ұсынылады. «Математика және информатика» білім саласы оқупәндерін оқыту барысында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мақсатында білім алушыларға анықтамалықтарды қолдану, оқу, әдістемелік және анықтамалық әдебиеттерден анықтамаларды, формулалар және басқа да тұжырымдарды іздеу; математикалық формулаларды қолдану, дербес жағдайларды жалпылау негізінде шамалар арасындағы тәуелділіктің формулаларын өздігінен құрастыру; игерілген математикалық білім, білік, есептеу, өлшеу және графиктік дағдыларды пайдаланып практикаға бағытталған тапсырмаларды шешу; дәлелдемелі пайымдау жүргізу, талқылауға қатысу және логикалық негізделген қорытындылар жасау; математикалық мәтінмен жұмыс жасау (талдау, қажетті ақпаратты алу), математикалық терминология мен символдарды қолдана отырып, өз ойын ауызша және жазбаша түрде анық және нақты түсіндіру іскерліктерін үйрету ұсынылады.
Сонымен қатар, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру кезінде білім алушылардың жазбаша дағдыларын дамытуға ықпал ететін жұмыстарды жүргізу ұсынылады: тапсырмаларды орындау үшін нұсқаулықтар мен алгоритмдер жасау; математикалық есептерді ауызша және жазбаша шешу тәсілдерін сипаттау және түсіндіру; тапсырманың орындалу барысын ауызша және жазбаша талдау. Математикалық сауаттылық зерттеу сипатындағы тапсырмаларды шешуде де қалыптасады, оларды орындай отырып, білім алушылар қолда бар деректерді тапсырма сұрақтарымен байланыстыра алады, тапсырма сұрағынан қолда бар деректерге іздеу қадамдарын жоспарлайды, табылған шешімді тапсырма сұрақтарымен салыстырады, нәтижені алудың әр қадамының дұрыстығын дәлелдейді, табылған шешімнің дұрыстығы мен толықтығын тексереді.
Пәндік, метапәндік және негізгі (жоғары сыныптарда) құзыреттерді дамыту бойынша ұсынымдар
Оқу пәнінің кез-келген тақырыбы аясында білімалушының алдына белгілі бір пәнді оқу кезінде алынған білімнің көмегімен шешілетін пәндік саладан тыс мәселелер қоюға болады. Математика осындай есептерді қарастыруға мүмкіндік береді.
Білім беру процесінде цифрлық құзыреттер мен дағдыларды дамыту бойынша ұсынымдар
Математикада цифрлық ресурстарды пайдалану құзыреттілігі білім алушылардың жұмыс барысында, бос уақытында технологияларды сенімді және шығармашылық пайдалануды қамтиды. Цифрлық құзыреттіліктің құрамдас бөліктері білім алушылардың өздігінен білім алу, қажетті ақпаратты іздеу, іріктеу, ақпаратты талдау, ұсыну және беру дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Цифрлық құзыреттілікті дамыту үшін ұсынылады:
-
білім алушыларды негізгі ақпараттық технологияларды пайдалануға үйрету;
-
ақпарат іздеуге және оны таңдауға байланысты өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын дамыту;
-
математиканың әртүрлі бөлімдерін зерделеу кезінде презентациялар жасау үшін қажетті компьютерлік бағдарламаны пайдалану, математикалық тапсырмаларды орындау кезінде фото/видео әзірлеу (геометриялық фигуралар жасау);
Жаратылыстану-математика бағыты пәндерінің сабақтарында STEM/ STEAM технологияларын қолдану бойынша ұсынымдар
Білім алушылардың оқу-ақпараттық құзыреттілігін дамыту мақсатында жобалық жұмыс арқылы ғылыми-зерттеу қызметін жүргізуге ерекше назар аударылуы тиіс. Жобамен жұмыс істейтін білім алушылар жеке немесе топта жұмысты жоспарлау, мақсат қою, қажетті ақпаратты іздеу, гипотезаны ұсыну және дәлелдеу, эксперимент жүргізу, атқарылған жұмыс туралы нәтижелерді ұсыну, талдау және бағалау жұмыстарын орындау, сондай-ақ өз жобасын шебер қорғау керек. Пәнге деген қызығушылықты арттыру мақсаттарының бірі білім алушылардың жобалық іс-әрекеттерін дамыту жұмыстарын жүргізу болып табылады. Жобалау технологияларын қолдану пән бойынша оқу сапасын көтеріп қана қоймайды, пәнаралық байланысты жүзеге асырады және оқу пәнін игерудің тиімділігін арттырады. Жобамен жұмыс істеу барысында білім алушылар топтасып немесе жеке жұмыстарын жоспарлауды, мақсат қоюды, қажетті ақпаратты іздеуді, гипотезаны ұсынуды және дәлелдеуді, тәжірибелер жүргізуді, орындалған жұмыстың нәтижелерін көрсетуді, талдау мен бағалауды, сонымен қатар өз жобаларын қорғауды үйренеді.
Құндылыққа бағдарланған оқытуды іске асыру бойынша ұсыныстар
Математика сабақтарында құндылықты қалыптастыру тарихты, мәдениетті және дәстүрлерді және халықтың басқа да құндылықтарын құрметтеуге; қоршаған ортаны қорғаудағы белсенді ұстанымға; жоғары патриоттық сезімдерге тәрбиелеуге бағытталған жаттығулар шешімдері арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан мүмкіндігінше мұндай тапсырмаларды шешуді, әсіресе 1-8-сыныптарда қарастырған жөн. Тұлғаға бағдарланған, іс-әрекетке (белсенділікке) негізделген тәсілдерді іске асыру жөніндегі ұсынымдар
Пәндерді оқыту процесінде білім сапасын жетілдіру мақсатында тұлғаға бағытталған проблемалық оқыту, саралап оқыту тәсілдерін, сонымен қатар ісәрекет түрлері мен тапсырмаларды ұқыпты іріктеу арқылы дамыта оқыту тәсілдерін қолдану ұсынылады.
«Жаратылыстану» білім саласында келесі пәндер оқытылады: «Жаратылыстану» – 1-6-сыныптар, «Физика», «Биология», «Химия», «География» – 7-11-сыныптар. Жаратылыстану ғылымын оқыту білім алушылардың бойында табиғи құбылыстар мен заңдылықтар туралы түсініктерді қалыптастырып, табиғатты танудың ғылыми әдістерін ашып көрсетеді. Ол табиғаттың бір бөлігі ретінде адамға, табиғат әлемін ұғыну ғана емес, осы өзгергермелі әлемдегі өз орнын сезінуге бағытталған және жеке тұлғалық құндылық қасиеттер жүйесін тәрбиелеуге, жеке тұлғаның дүниетанымдық, мәдени, тәжірибеге бағдарланған қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығына сәйкес:
-
бастауыш білім беру деңгейінде «Жаратылыстану» (1-4 сыныптар);
-
негізгі орта білім беру деңгейінде «Жаратылыстану» (5-6 сыныптар), «Физика», «Химия», «Биология», «География» (7-9 сыныптар);
-
жалпы орта білім беру деңгейінде екі бағыт бойынша «Физика», «Химия», «Биология», «География» (10-11 сыныптар) пәндері оқытылады.
Жоғарыда аталған пәндер бойынша оқу жүктемесінің көлемі «Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің Үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығының (өзгерістер мен толықтыруларға ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.09.2022 ж. № 412 бұйрығымен енгізілген) 1–3, 11–15-қосымшаларында (1-4 сыныптар), 6–8, 16– 20-қосымшаларында (5-9-сыныптар), 21–30, 85–90-қосымшаларында (10-11сыныптар) көрсетілген.
«Жаратылыстану» білім беру саласындағы Бастауыш білім берудің мақсаты «Адам – Табиғат» жүйесі шеңберіндегі ғылыми білімнің қарапайым деңгейін қамтамасыз ету. Білім алушылардың табиғатты тануға деген қызығушылығын, зерттеу дағдыларын дамытуға, қоршаған ортаны ғылыми тұрғыдан түсініп, көре білуді қалыптастыруға бағытталған. Пәннің мазмұны «қарапайымнан күрделіге қарай, таныстан таныс емеске қарай» принципі бойынша құрастырылған. Жанды және жансыз табиғаттың құбылыстары мен процестерінің өзара байланыстарының себебін ұғыну және түсіну, қоршаған ортаның көптүрлілігі мен күрделілігін саналы аңғару білім алушылардың ойөрісін кеңейтеді. «Жаратылыстану» оқу пәні – білім берудің кейінгі деңгейлерінде дербес пән ретінде оқылатын «Биология», «Физика», «География», «Химия» оқу пәндерін оқып-меңгеруге жол бастайтын, сондай-ақ білімнің барлық салаларында маңызды орын алатын зерттеу дағдыларының іргетасын қалайды.