Стрептомицин («Антибиотиктер» тақырыбына қараңыз) – тек жасуша жанындағы микобактерияларға әсер етеді. Стрептомицин аналогтары (канамицин, амикацин, флоримицин, капреомицин) – кейде стрептомицинге тұрақтылық жағдайында тиімді. Этамбутол – жасушадан тыс және жасуша ішінде орналасқан микобактериялардың өсуін тоқтатып, бактериостатикалық әсер көрсететін синтетикалық препарат. Этамбутол АІЖ-да жақсы сіңіріліп, басқа туберкулезға қарсы дәрілермен (микобактериялардың тұрақтылығын алдын алу үшін) қиыстырып қолданылады. Жанама әсері: аз байқалады, көз көруінің нашарлауы, түсті қабылдаудың бұзылуы (жасыл және қызыл түстің), жүрек айну, анорексия, бас айналу, тері бөртпелері. Қолдануға қарсы көрсеткіштер: көз көруінің бұзылулары, жүктілік. Ethambutolum-этамбутол (Б): 0,1; 0,2 және 0,4 таб. шығарылып, бір рет таңертеңгі тамақтан соң белгіленеді. Пиразинамид – жасуша ішінде орналасқан микобактерияларға бактерицидті әсер етіп, жұлын ми сұйықтығы мен туберкулезбен зақымдалған ошаққа жеңіл өтетін синтетикалық препарат. Казеозды лимфаденитте, туберкуломада, казеозды пневмониялық процеске әсер етеді. Жанама әсерлері: диспепсия, анорексия, аллергиялық реакциялар, буын ауруы, подагра, бауыр қызметінің бұзылуы. Қолдануға қарсы көрсеткіштері: бауыр қызметінің бұзылуы мен подагра. 4. Мерезге қарсы (сифилиске қарсы) дәрілер Мерезді емдеудің негізгі препараттары қысқа және ұзақ әсерлі пенициллиндер, мерездің барлық кезеңдеріне әсер етіп, спирохеттерге тұрақтылық пайда болмайды. Цефалоспориндердің І және ІІІ буыны, макролидтер, тетрациклиндер мерезді емдеуде қосымша антибиотиктер болып табылады, бірақ олардың тиімділігі төмен. Висмут препараттары: бийохинол, бисмоверол.
Әсер ету механизмі: микроорганизм ферменттерінің сульфгидрильді тобын тежеп, бактериостатикалық әсер көрсетеді. Әсер ету спектрі: тек мерез (сұр трепонема) қоздырғышына. Қолданылуы: мерездің барлық түріне, белсенділігі жағынан бензилпенициллиндерге орын береді. Жанама әсері: гингивит, стоматит, қызыл иек жанында сұр висмуттық жиек түзілуі, дерматит, колит, бауыр және бүйрек зақымдалуы. Қолдануға қарсы көрсеткіштері: ауыз қуысының зақымдалуы, бауыр және бүйрек аурулары. Biiochinolum – бийохинол (Б): 100 мл флаконда (кірпіш қызыл түсті висмут тұзының қоспасы) – 3 мл-ден 3 күнде 1 рет жылы күйінде б/е енгізіледі. Мерезді емдеу арнайы кестемен стационар жағдайында жүргізіледі. 5. Саңырауқұлақтарға қарсы дәрілер Қазіргі кезде кең таралған ауруларды (микоздар) көптеген патогенді және шартты патогенді саңырауқұлақтар шақырады. Қоздырғышына байланысты өздеріне сай саңырауқұлаққа қарсы әсері бар препараттарды белгілейді. Онымен бірге препараттардың фармакокинетикасы мен улылық ерекшеліктеріне үлкен мән беріледі. Паразитті саңырауқұлақтармен шақырылған микозды емдеу үшін саңырауқұлаққа қарсы дәрілер тағайындалады. 1. Беттік микоздар: а) дерматомикоздар (эпидермофития, трихофития, микроспория, онихомикоздар және т.б.) – тері, шаш, тырнақты зақымдайды. б) кандидамикоздар (қоздырғышы – ашытқы тәрізді саңырауқұлақ түрі Candida) – шырышты қабықша мен теріні зақымдайды. 2. Жүйелі микоздар (бластомикоз, кокцидиоидоз, криптококкоз, гистоплазмоз, актиномикоз, нокардиоз, кандидоз, аспергиллез) – ішкі ағзаларды: өкпе, бауыр, АІЖ-н, ми мен ми қабықшаларын, сүйек, буын, лимфа түйіндерін зақымдайды. Саңырауқұлақтарға қарсы дәрілердің жіктелуі: 1. Полиенді антибиотиктер: нистатин, леворин, натамицин (пимафуцин), амфотерицин В (фунгизон), микогептин. Әсер ету механизмі: саңырауқұлақтардың жасуша мембранасының өткізгіштігін бұзып, мөлшеріне байланысты фунгистатикалық және фунгицидті әсер көрсетеді. Микроорганизмдердің екіншілік резистенттілігі баяу пайда болады. Нистатин, леворин және натамицин АІЖ-ң, тыныс алу жолдарының, қынаптың шырышты қабығы мен терінің кандидамикозын емдеу және оның алдын алу үшін қолданылады. Барлық препараттар ішке таблетка түрінде, жергілікті жағылма, вагинальді супп. (нистатин) немесе таб. (натамицин), еріт. ингаляциялау үшін, шаю, бүрку үшін (леворин) ерітінді түрінде қолданылады. Леворин кейде нистатиннің әсері болмаған жағдайда қолданылады.
Жанама әсері: диарея, дене қызуының көтерілуі (нистатин), терінің қышуы (леворин) байқалуы мүмкін. Қолдануға қарсы көрсеткіштері: леворин – бауыр, АІЖ-ң ауруларында, жүктілікте; натамицин – тері туберкулезінде. Nystatinum – нистатин (Б): 250 000 ӘБ және 500 000 ӘБ таб. – 1-2 таб. тәулігіне 3-4 рет; 1% жағылма; 250 000 ӘБ және 500 000 ӘБ ректальды және вагинальды суппозиторий түрінде шығарылады. Нистатиннің қиыстырылған препараты: полижинакс (нистатин+полимиксин В+неомицин). Амфотерицин В – басқа саңырауқұлаққа қарсы дәрілер әсер етпеген жағдайда, жүйелі микозда қолданылады. Амфотерицин В АІЖ-да сіңірілмейді. Жанама әсері: улы; қызба, тырысу, гипотония, гипокалиемия, флебит, анемия; бауыр, бүйрек, жүрек жұмысының бұзылуы мүмкін; өмірлік маңызды жағдайда дәрігердің қадағалауымен белгіленеді. Балалар тәжірибесінде улылығы төмен АІЖ-да жақсы еритіндіктен пероральды қолдануға арналған амфоглюкамин аналогы қолданылады. Қолдануға қарсы көрсеткіштері: бауыр, бүйрек, қан жүйесі қызметі бұзылуы, қант диабеті. Amphotericinum B – амфотерицин В (Б): 50 000 ӘБ флаконда шығарылып, 10 мл инъекцияға арналған суда ерітіп, 450 мл 5% глюкоза ерітіндісіне қосып, 4-6 сағат бойы тамшылатып к/т аптасына 2-3 рет енгізеді; 15,0 және 30,0 (1г – 30000 ӘБ) жағылмасы бар. Микогептин – құрылысы, әсер ету спектрі мен фармкологиялық әсері жағынан амфотерицин В-ға ұқсас, бірақ АІЖ-да жақсы сіңіріледі, сондықтан ішке (таб.) және жергілікті (жағылма түрінде) қолданады. 2. Имидазол және триазол (азолдар) туындылары: кетоконазол (низорал), миконазол (дактарин), клотримазол (канестен, кандибене), эконазол (певарил), изоконазол (травоген), бифоназол (миноспор), флуконазол (дифлюкан), итраконазол (орунгал), тенонитрозол (атрикан), тионазол (вагистат), флутримазол (мицетал). Әсер ету механизмі: саңырауқұлақтардың жасуша мембранасының өткізгіштігін бұзып, фунгицидті әсер етеді. Қолдану көрсеткіштері: беткі және терең микозда. Ketokonazol – кетоконазол (Б): 0,2 таб. шығарылып, 1 таб. күніне 1 рет тамақ үстінде; 2% жағылма түрінде шығарылады. АІЖ-да жақсы сіңіріліп, ұлпалармен сұйықтықтарға жеңіл өтеді. Жанама әсері: диспепсия, бас ауыру, тері қышымасы, ұйқы келуі, гинекомастия, бауыр қызметінің бұзылуы. Жүктілікте, лактацияда, бауыр және бүйрек қызметінің бұзылуында қолдануға болмайды. Миконазол – улы, ішкі және жергілікті (крем, вагинальды таблеткалар және суппозиторийлер) белгіленіп, к/т (жүйелі микозда) енгізіледі. Клотримазол, эконазол, изоконазол, бифоназол –
тек жергілікті табан микозы мен урогенитальды кандидозда қолданылады.
Fluconazol – флуконазол (Б): 0,05; 0,1; 0,15 және 0,2 капс. шығарылып, 1 капс. тәулігіне 1 рет; 0,2% 100 мл флаконда шығарылып, тәулігіне 1 рет тамшылатып қ/т енгізіледі. Шырышты қабықша кандидозында және терең микозда қолданылады. Жанама әсері: улылығы төмен, диспепсия, тері бөртпелері, бауыр қызметінің бұзылуы. Жүктілікте, бауыр ауруларында, 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды.
Итраконазол – флуконазолға ұқсас, тек ішке қолданылады.
3. Химиялық құрылысы әртүрлі саңырауқұлақтарға қарсы дәрілер: гризеофульвин, тербинафин (ламизил), нафтифин (экзодерил), декамин (деквалинил), нитрофунгин (хлорнитрофенол), ундецин, цинкундан, микосептин, циклопироксоламин (батрафен), аморолфин (лоцерил), толциклат (толмицен), толнафтат (хинофунгин).
Griseofulvinum – гризеофульвин (Б): 0,125 таб. – 1-2 таб. шығарылып, тәулігіне 4 рет тамақ үстінде немесе тамақтан кейін; 2,5% линименті бар. Әсер ету спектрі тар, тек дерматомикоз қоздырғышына (эпидермофит, трихофитон, микроспорум, фавуса) әсер ететін саңырауқұлақтарға қарсы антибиотик болып табылады. Гризеофульвин нуклеин қышқылының синтезін тежел, фунгистатикалық әсер көрсетеді. Саңырауқұлақтардың екіншілік резистенттілігі пайда болмайды. АІЖ-да жақсы сіңіріледі. Дерматомикозда қолданылады, емдеу мерзімі ұзақ. Жанама әсері: бас ауыру, бас айналу, дезориентация, аллергиялық реакциялар, лейкопения. Қолдануға қарсы көрсеткіштері: қан жүйесінің ауруы, бауыр, бүйрек аурулары, жүктілік, қатерлі ісік, амбулаториялық жағдайда жүргізушілерге, ұшқыштарға және т.б. белгіленбейді.
Terbinafin – тербинафин (Б): 0,125 және 0,25 таб. – 0,25 күніне (тамақ қабылдауына тәуелсіз), 1% жағылмасы бар. Саңырауқұлақтардың жасуша қабықшасының синтезін бұзып, фунгицидті әсер етеді, екіншілік резистенттік пайда болмайды, дерматомикозда әсіресе тырнақтың зақымдалуында, сонымен бірге тері кандидозы мен көбекті теміреткіде қолданылады. Жанама әсері: диспепсия, терінің аллергиялық реакциялары. Жүктілікте және лактцияда қолдануға болмайды.
Нафтифин – беттік микозда тербинафин тәрізді әсер етеді, бірақ тек жергілікті (крем, ерітінді түрінде) қолданылады.
Декамин – тері кандидозында, табан эпидермофитиясында (жағылма түрінде), стоматитті кандидозда, ауыз қуысы мен жұтқыншақтың қабыну ауруларында (карамель – тіл астына) қолданылып, антибактериальды және фунгистатикалық әсер көрсетеді.
Нитрофунгин (25 мл флаконда) ундецилен қышқылының препараттары – «Ундецин», «Цинкундан» және «Микосептин», циклопироксоламин, антисептиктер (салицил, бор, бензой қышқылдары, йод ерітіндісі, метилен көгі, бриллиантты жасыл) – беттік микоздарда сыртқы қолданылады.
Қиыстырған препараттары: микозолон (клион Д + кандерм-БГ).
6. Вирусқа қарсы дәрілер Вирустар жасуша ішіндегі паразиттер болып табылады. Жасуша иесінде РНҚ және ДНҚ вирустарының өзін өзі өндіру нәтижесінде вирустар көбейіп, одан жасуша алмасуы бұзылып, синтетикалық ресурстары азаяды. Жасуша иесінің сыртындағы вирустар зат алмасуы жойылған және дәрілік заттар оларға әсер ете алмайды. Жасуша иесіндегі вирусқа микроорганизм жасушасын зақымдамай әсер етуі мүмкін емес. Вирусқа қарсы дәрілердің қолданылуына қарай жіктелуі:
-
Тұмауды алдын алу үшін қолданылатын дәрілер: ремантадин, дейтифорин, адапромин, оксолин, арбидол, рибамидил (рибавирин), лейкоцитарлы интерферон. Ремантадин, дейтифорин, адапромин, оксолин – тұмау вирусының адам ағзасының жасушасына енуінен қорғайды, эпидемия кезеңінен ауру басталғанша және аурудың алғашқы 2 күнінде тиімді (ауру кезеңдерін жеңілдетеді). Ремантадин және дейтифорин тұмау вирусының А түріне (әсіресе А2), адапромин – тұмау вирусының А және В түріне, оксолин – вирус А мен аденовирусқа әсер етеді, Ремантадин, дейтифорин, адапромин 0,05 таблетка түрінде шығарылады. Жанама әсері жағынан ремантадинде асқазан тұсының ауырсынуы, дейтифоринде диспепсия және терінің аллергиялық реакциялары, адапроминде АҚ-ң төмендеуі және ұйқы келуі байқалуы мүмкін. Препараттарды бауыр және бүйрек ауруларында, жүктілікте (тератогенді және эмбриотоксикалық әсер) және тиреотоксикозда қолдануға болмайды.
Remantadinum – ремантадин (Б): 0,05 таб. – 2 таб. шығарылып, 1-ші күні 3 рет, 2-ші және 3-ші күні 2 рет, ал 4-ші күні 1 рет тамақтан кейін; тұмауды алдын алу үшін – 1 таб. күніне 1 рет 10-15 күн бойына тағайындалады.
Oxolinum – оксолин (Б): 0,25% жағылма түрінде тұмауды алдын алу үшін, оны мұрынның шырышты қабықшасына тәулігіне 2 рет жағады; 0,2% жаңа дайындалған ерітінді аденовирусты конъюнктивитте көз тамшысы түрінде (күніне 5-6 рет): 0,25% жағылма түрінде көздің қабағына түнде жағу үшін.
Жанама әсері: тітіркендіріп, күйдіргіш сезімін тудыруы мүмкін.
Оксолин сондай-ақ терінің вирусты ауруларында (кәдімгі ұшық, белдеулі теміреткі) 1%, 2% және 3% жағылма түрінде қолданылады.
Тұмауға қарсы дәрілерге